Испанияда қайыршы әйел лотереядан 1 млн еуро ұтып алды
Әйел төрт жыл бойы күн сайын таңғы тоғыздан түскі екіге дейін жинаған ақшасына билет сатып алатын болған
Испанияның Аликанте қаласындағы Ла Флорида ауданында Мерседес есімді қайыршы әйел лотереядан 1 миллион еуро ұтып алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Еuronews арнасына сілтеме жасап.
Әйел төрт жылдан бері күн сайын таңғы сағат 9.00-де Estanco-54 лотерея дүкеніне қарама-қарсы супермаркетке келіп, түскі сағат 2.00-ге дейін сонда отыратын болған. Неліктен тек екіге дейін отырған дейсіз ғой? Бұл уақытқа дейін ол кем дегенде 1 еуро жинап, сол ақшаға дүкенге жергілікті Bonoloto лотереясынан әкелінетін билеттердің бірін сатып алатын болған. Ол осы әрекетін төрт жыл бойы қайталап жүріп, 2022 жылдың 2 тамызында, сейсенбі күні 1,2 миллион еуро ұтып алды.
Лотерея дүкенінің сатушысы Мари-Анхелес Торрегроса әйелдің ірі көлемде ақша ұтқанын естігенде, «Менің өмірімді сондай жеңілдеттіңіз!» деп қуанған екен.
«Өзім ғана емес, бәрі қуанды, тұрақты тұтынушыларымыздың қайсы жеңетінін білмедік! Бірақ Мерседес ұтып алады деп ойламаған едік. Қуанғаннан, тіпті анама қоңырау шалдым, ол да Bonoloto билетін күнде сатып алады, бірақ әлі ұтып көрген емес», - дейді Мари-Анхелес Торрегроса.