Ақылы жолдардың күтіміне 1 млрд теңге жетпейді - ҚазАвтоЖол
2019 жылы ақылы жол учаскелерінен 5,4 миллиард теңге түскен
Өткен жылы ақылы жол учаскелерінен 5,4 миллиард теңге түскен. Бірақ автокөлік иелерінен жиналған миллиардтаған қаржы ақылы жолдарды күтіп ұстауға жетпейді. Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігінің сауалхатына жауап берген ұлттық компания басшыларының сөзінше, учаскелерді толық қаржыландыруға тағы 1 миллиард теңге қажет.
Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 4 учаскесі ақылы. «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қорғас» және «Алматы-Капшағай» араларын жалғап жатқан ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайды. Аталған автожолар арқылы өткен жылы 11 миллионға жуық көлік жүйткіген. Түскен қаражат 5,4 миллиард теңге. Алайда жоғарыдағы жол учаскелерін күтіп ұстауға 6,4 миллиард керек екен.
«Жеткіліксіз. Норматив бойынша аталмыш учаскелерді күтіп ұстауға 4,9 млрд теңге қажет. Сонымен қатар, нормативте ескерілмеген шығындар бар. Бұл – төлем қабылдау жүйесінің бағдарламалық-жабдықтық кешенін күтіп-ұстауға қажетті жыл сайынғы шығындар (шамамен 1,5 млрд.теңге). Нәтижесінде, ақылы жолды күтіп ұстау үшін жыл сайын 6,4 млрд.теңге қаражат қажет. Ақылы учаскелерден 2019 жылы 5,4 млрд.теңге жиналды. Демек, учаскелерді толық қаржыландыруға 1 млрд.теңге жетпеді»,- делінген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәлімдемесінде.
Былтыр ақылы автожолдағы көліктердің қозғалыс қарқындылығы 10 986 637 автокөлікті құраған. Ақылы жолдармен жүрген көліктердің 85% (9 375 761) жеңіл, қалған 15% (1 610 876) ауыр жүк машиналарына тиесілі. Алайда жиналған қаражаттың 70% жүк көліктерінен (3,8 млрд.теңге) түскен. 9 миллионнан астам жеңіл көліктің жүргізушілері Қазавтожолға 1,6 миллиард теңге төлеген. Ұлттық компания басшылары алдағы уақытта ақылы автожолардың санын арттырғанымен, тарифті қымбаттату әзірге жоспарда жоқ деп отыр. Биыл «Щучинск-Көкшетау-Петропавл» араларын жалғайтын ұзындығы 231 шақырымдық жолға төлем қабылдайтын қондырғылар қойылады. Алдағы төрт жылдың ішінде республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автожолды ақылы жүйеге ауыстыру жоспарланған. Алайда ақылы жолға шыққанмен төлем жасамайтын жүргізушілер де көп екен.
«Ақылы жол үшін төлем 7 күн ішінде өтелмесе Көліктік бақылау инспекциясы арқылы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 628-бабында бекітілген норма бойынша, жеке тұлғалар 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл, ал заңды тұлғалар 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл төлейді. 2019 жылы ақылы жолды пайдаланғандардың 26%-ы қарыз»,- деп хабарлады ұлттық компания.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы