Жамбыл облысында ауыл тұрғынынан 69 келі марихуана тәркіленді
Күдікті 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы жасақпен бірлесіп, елді-мекенге жақын құмды аймақта қарасора жинаумен айналысқан Тасөткел ауылының 52 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды, Azattyq Ruhy.
Тінту кезінде шабылып, кептіруге қойылған, салмағы шамамен 69 келі қарасора есірткі заты табылды. Күдікті кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Аталған дерекке қатысты, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4- бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Өткізу мақсатында есірткі жинау бойынша айыбы дәлелденген жағдайда, күдікті он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге мүлкін тәркілеумен бас бостандығынан айырылуы мүмкін,- деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Д.Қойтөриев.