Түркияда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Ұшақ бортында 177 адам болған

Түркияда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады
Фото: aa.com

Ыстанбұлдағы Сабиха Гёкчен атындағы халықаралық әуежайда ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Pegasus әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Измир-Ыстанбұл бағытында рейс жасаған. Жерге қонғаннан кейін лайнер ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. 

Оқиға орнына көптеген өрт сөндіру мамандары мен медицина қызметерлері тартылған. Өрт сөндірушілер ұшақ бортындағы өртті сөндірген. Жолаушылар эвакуацияланып жатыр. Оқиға орнынан тараған суреттерге қарағанда, ұшақ үшке бөлініп қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар жоқ, жарақат алғандар бар. Түркияның көлік және инфрақұрылым министрінің айтуынша, Сабиха Гёкчен әуежайына қонуы тиіс басқа ұшақтар Ыстанбұл әуежайына жіберіліп жатыр. Ал Turkish Airlines ұлттық әуе компаниясы Сабиха Гёкчен әуежайына жасалуы тиіс барлық рейстерді тоқтатты.

Ыстанбұл губернаторы Али Ерликаянның айтуынша, ұшақ апатынан кейін 52 адам ауруханаға жеткізілген. Әуе кемесінде 171 жолаушы, 6 экипаж мүшесі болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.