Украинада шенеуніктердің айлығы елдегі орташа жалақы мөлшеріне қарай беріледі
Премьер-министрдің айтуынша, айтулы даталарда берілетін сыйақы да бір айлық көлемінен аспауы тиіс
Украинаның министрлер кабинеті мен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктердің айлығы енді елдегі орташа жалақы мөлшеріне қарай беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Министрдің, министр орынбасарының, басқа да лауазымды шенеуніктердің айлығы мемлекеттегі орташа жалақы мөлшеріне қарай беріледі. Министр мен оның орынбасарларының жалақысы үштен беске дейінгі орташа жалақы мөлшерінде болады. Сонымен қатар 200 - 400% сыйақы беруді де тоқтату керек. Ең көп сыйақы бір айлық мөлшерінен аспауы тиіс», - деді Украинаның премьер-министрі Алексей Гончарук.
Сонымен қатар ол шенеуніктердің айлығы туралы барлық ақпарат ай сайын жарияланып отыратынын айтты.
Жақында Владимир Зеленский Алексей Гончарукқа шенеуніктердің жалақысын төлеу концепциясын өзгертуді тапсырған еді.
Айта кету керек, 2019 жылы Украинада ең төменгі жалақы он пайызға өсіп, 4,1 мың гривнаны (62 мың теңгеден астам) құрады. Ал орташа жалақы жыл соңында 10,7 мың гривна (163 мың теңге), Киевте 16 мың гривна (240 мың теңге) болды.