Түркістан облысында 200 жыл бұрын жасалған көне мешіт тозып барады
Мешітке 200 жылда 2 рет реставрация жасалған
Түркістан облысы Ордабасы ауданында мемлекет қорғауына алынған көне мешіт тозып барады. Жаңғырту жұмыстарының уақытылы жасалмауынан 200 жыл бұрын салынған нысанның күмбездерінен су өтіп, қабырғалары жарыла бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Иран, Орта Азия сәулет өнері үлгісімен салынған мешіттің кірпіштері үгітіле бастағанына біраз жыл болды. Күмбездерден өткен жауын суы мүжіп жатыр. Соның әсерінен ғимараттың оң жақ қабырғасына сызат түскен.
«Өзіміз қара қағаз төсеп, смола жағып, клей жағып, Сауран құмын Иран цементімен араластырып, 13 күмбезді жылына екі рет жағып шығамыз. Күзде, көктемде. Сол жауынды сәл де болса ұстайды», - деді Ишан Базар (Ақмешіт) тарихи сәулеттік ескерткішінің секторы меңгерушісі Ерік Әшірбердиев.
Тарихи нысан 1803 жылы салынған. Содан кейін екі рет реставрация жасалған. Кеңес одағы ыдыраған тұста басталған алғашқы жаңғырту жұмысы аяқсыз қалған. Сол аралықта мешіттің орталық күмбезінің 80 пайызы бұзылады. Ол тек 2003 жылы жеке кәсіпкердің демеушілігімен қалпына келтіріледі. Мәдениетті қолдау жылында министрілік бұл істі сырттай иемденіп, үкіметке есеп берген. Содан кейін мұнда ешкім ат-ізін салмайды.
«Қазіргі түрі мынау жарылып жатыр, күмбезден су ағып жатыр. Теңдесі жоқ тарихи ескерткіштер ғой. Мұны бір бұзып алсақ қайта қалпына келтіру мүмкін емес», - деді ауыл тұрғыны Исақ Саруардин.
Сәулеттік ескерткіштің осы жәй-күйін айтып, мәдениет мамандары жылда министрілікке хат жолдаумен келеді. Әржолғыдай еститіндері көңілжықпас, сырғытпа жауап.
«Министрліктің соңғы келген хаттарында 2023 жылға ешқандай қаражат қаралмаған. 2023-2024 жылдар аралығында республикалық бюджеттен қарау жоспарлануда деген хаты келді», - деді Қажымұқан атындағы спорт музейінің ғылыми қызметкері Гүлзира Әшірбаева.
Мешітке қайта жаңғырту жұмыстары басталып қалады деген үмітпен 2018 жылы техникалық сараптама да жүргізілген. Мамандар бүлінген, бұзылған жерлерін анықтап, оны реставрациялауға қанша қаржы кететін де нақтылады. Алайда қыруар ақшаға істелген сараптама да енді мерзімі өтіп кеткендіктен жарамсыз деп танылып отыр.