Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ге жуық дерек тіркеледі
БҰҰ мәліметтері бойынша, адам саудасының көп тараған түрі - әйелдерді жезөкшелікке мәжбүрлеу

Орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен сарапшылардың дөңгелек үстелінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Нұрмағамбетов жыл сайын осы санаттағы 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркелетінін, ұйымдасқан топтардың құқыққа қарсы іс-әрекеті және басқа елдерге «тірі» тауар сату арналарының жолы кесілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мысалы, 2021 жылғы желтоқсанда адам саудасымен айналысқан, оның ішінде Бахрейн корольдігіне кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау үшін апарған трансұлттық қылмыстық топтың 17 қатысушысы түрлі жаза мерзіміне сотталды.
«БҰҰ мәліметтері бойынша, адам саудасының көп тараған түрі - жыныстық қанау, бұл адамдардың трафигіне байланысты жағдайлардың 54% құрайды. Өкінішке қарай, ол Қазақстан да бар. Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар мен жеңгетайлық болып қала береді. Ер адамдар, әдетте, еңбек саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды асырап алу үшін сату фактілері анықталды. Бүгінгі таңда осы санаттағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеуде белгілі бір тәжірибеміз бар. Бұған адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия түрінде жұмыс істейтін мемлекеттік және азаматтық сектор арасындағы диалог алаңы ықпал етті. Осындай өңірлік комиссиялар облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жанынан жұмыс істейді. Әрбір 3 жыл сайын профилактикалық және практикалық сипаттағы іс-шаралар кешенін қамтитын үкіметтік жоспарлар қабылданады. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдарға арналған жоспар орындалуда. Іске асыруға мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысады», - деді ІІМ өкілі ОҚК алаңында.