Алматы облысының тұрғындары зауыттағы кәріз құдығын жабуды талап етті
Мекеме басшылығының айтуынша, заңға сәйкес құжаты бар
Алматы облысы Шалқар ауылының тұрғындары үй маңында қазылып жатқан кәріз құдығына қарсымыз деп шағым айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Халықтың айтуынша, 10 соттық жерді алып жатқан қазаншұңқырға осында орналасқан шарап зауыты қалдық суларын төкпекші. Ал жергілікті әкімдік мекеменің бұл әрекеті заңсыз, енді қажетті тексеріс жұмысын жүргізу керей дейді.
«Қалдықтарды осы кәрізге төгеді. Бұл жер толып қалып еді, жанынан тағы тесіп қойған, қазір көресіздер. Қалдықтар жайылымға ағып барады. Әу баста басқа жерге төгетін. Халық исіне шыдамай, шулаған соң осы жерді пайдаланып жүр», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Дәурен Алмабеков.
«Қаншама алманың қағы төгілді, сасық. Мал жайылады, бала да ойнайды. Ит жүреді. Маса деген мүмкін емес», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Қарлығаш Жұмаханова.
Ал 150 адамға жұмыс беріп отырмын деген мекеме басшылығы қазылған жердің заңды иесіміз деп құжат көрсетті. Оның үстіне құрылыс толық аяқталған жоқ, біткен соң бәрін қоршап тастаймыз деп сендірді.
«Химия жоқ. Біздерде химия болмайды. Тек бөтелке жуамыз, соның суы келеді. Біздерде құжат бар. 2009 жылы 71 соттық жерді сатып алдық, 71 соттық жерді», – деді шарап зауытының өкілі Ариф Абдуллаұлы
Жергілікті әкімдік өкілдері Шалқар ауылында қазылып жатқан шарап зауытының кәріз құрылысын заңсыз деп отыр. Өйткені аталған құрылысқа рұқсат алмағанын айтады.
«Құрылыс заңсыз. Ешқандай рұқсат қағазы жоқ», – деді Қарасай ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дәрмен Жапаров.
«Эколгия департамент келіп тексерді. Біз тұрғындардың арыз-шағымын аламыз. Сосын құзырлы органға халықтың арызын тіркеп, хат жолдаймын.Бұл кісілерге шара қолданады», – деді Жандосов ауылдық округінің әкімі Алмас Жамбуов.
Көпшілік шағым айтқан зауыттың жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр. Енді ондағы жұмысшылар да жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Ал жергілікті билік өкілдері ауыл азаматтарының шағымын құзырлы мекемелерге тапсырдық, енді жауабын күтеміз деп қысқа қайырды.