Ет бағасын базардағы саудагерлер өсіріп отыр – министр
Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта ет тапшылығы болмайтынын айтты
Мал шаруашылығындағы бірінші мәселе − етті сатып алу бағасы өте төмен. Негізі, етті сауда желілері қымбаттатып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Мал шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілермен, шаруа қожалықтарымен кездескен кезде бәрінің айтатын проблемасы бір. Олардың айтуынша, етті сатып алу бағасы өте төмен. Тірідей малдың салмағын өлшеген кезде орташа алғанда келісі 700-800 теңгеге есептеледі. Мал шаруашылығындағы бірінші мәселе − етті сатып алу бағасы өте төмен.
Негізі, ет бағасын сауда желілері қалыптастырады. Бағаны базардағы саудагерлер өсіріп отыр. Жалпы алғанда, қазір ет бағасы тұрақты. Биыл мал басы санының өсуіне байланысты ет өндірісі де артады деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта ет тапшылығы болмайды, сәйкесінше, баға да қымбаттамайды», - деді Ербол Қарашөкеев.