«Тальгода» қыз зорлаған жолсеріктің әкесі жауапқа тартылды
Ол адамның ар-намысына тиетін жалған мәлімет таратқаны үшін кінәлі деп танылды
Нұр-Сұлтан қаласының №2 Алматы аудандық сотында жала жабу әрекеті бойынша іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тальгода» қыз зорлау оқиғасы бойынша сотталған жолсеріктердің жақындары, атап айтқанда, Құрманиязовтың әкесі мен Үмбеталиевтің жұбайы А.Төрәлиева блогер Тәңірберген Бердоңғарға сұхбат беріп, әйелдің жолсеріктерден ақша бопсалағаны туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылды.
Арыз беруші екеуінен 15 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алуды, сондай-ақ, Тәңірберген Бердоңғардың арнасындағы видеоны алып тастауды талап еткен.
Сот үкіміне сәйкес, С.Құрманиязов бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамның ар-намысына тиетін жалған мәлімет таратқаны үшін кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот жәбірленушіге бір миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алды.
Ал А.Төрәлиева күйеуінің айтқанына сүйеніп, жалған мәлімет екенін білмеген. Сондықтан сот оны ақтап шықты.