$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент сынынан кейін киік санын реттеу мәселесі қалай шешілмек – министр жауабы

Серікқали Брекешев ғылыми зерттеулер бір-екі жылға созылуы мүмкін екенін айтты

Президент сынынан кейін киік санын реттеу мәселесі қалай шешілмек – министр жауабы
© Saiga Antelope

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанда ақбөкен популяциясын реттеу мәселесі қалай жүзеге асырылатыны туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Президенттің сынынан кейін біз мүдделі мемлекеттік органдармен, бірлестіктермен, ғалымдармен кездесіп, киіктердің санын реттеу мәселесін талқыладық. Сол арқылы әлі де терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, киіктердің мекен ететін жерлерін, қоректену көздерін әлі де зерттеу қажет деген қорытындыға келдік», - деді Серікқали Брекешев.

Министр су мен жем-шөп жетіспеген жағдайда жануарлардың ауру мен жыртқыштардан қорғануы төмендейтінін атап өтті.

«Киіктер саны әрдайым өсе бермейді, белгілі бір шегі болады, сондай-ақ азық пен суға қатысты өз ішкі бәсекелестігі болады. Соның салдарынгнан жануарлар әлсіреп, ауруға жиі ұшырап, жыртқыштарға жем болатынын ұмытпау керек. Біз барлық мәселені талқылаудан өткізіп, дұрыс шешімге келеміз деп ойлаймын. Әзірге киіктердің санын реттеу туралы шешім қабылданған жоқ. Белгілісі, арнайы ғылыми зерттеулер бір-екі жылға созылуы мүмкін. Ақбөкен популяциясының оңтайлы санын анықтауға мүмкіндік беретін ғылыми зерттеулердің алғашқы нәтижелері шыққанша, киік санын реттеу мен пайдаға жарату туралы шешім қабылданбайды», - деді С. Брекешев.

Тақырыпқа орай: Президент 80 мың киікті атпақ болған министрге сөгіс жариялады

Еске салайық, 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экология тақырыбына тоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Серікқали Брекешевке сөгіс жариялап, қазақ халқы үшін киелі саналған киіктерді атудан басқа амал іздеуді тапсырған болатын.

«Оларды өлтіруден басқа да амал бар шығар. Тиісті мамандармен ақылдасыңыз. Әрине, оларды атудан басқа шешім болмауы да мүмкін, мен оны жоққа шығармаймын. Алайда бұл мәселеге аса кәсібилік таныту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары