Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың туыстары қылмыстың толық ашылмағанына наразы
Сот-медициналық сараптама Әлібек Қалбайдың бірі кісінің ғана қолынан ажал құшпағанын дәлелдепті
Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан маңғыстаулық сарбаздың туыстары «қылмыс толық ашылмады» деп наразы. Күні кеше ғана аяқталған тергеуде бір ғана сарбаздың ісі сотқа жолданғалы жатыр екен. Ал олар, қалған жауаптылардың да жазаға тартылуын қалайды. Айтуларынша, сот-медициналық сараптаманың өзі Әлібек Қалбайдың бірі кісінің ғана қолынан ажал құшпағанын дәлелдепті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қара жамылған отбасының Әлібектен айырылғандарына 2 жарым ай болды. Содан бері әділдік іздеп әлек. Жас сарбаздың өліміне қатысты тергеу ісі кеше ғана аяқталыпты. Бірақ, оған туыстардың көңілі толмайды.
Марқұмның өліміне қатысы бар күдіктіні қамауға алғанын Бас әскери прокуратура осыдан бір ай бұрын хабарлады. Әлібек Қалбайға қаруласы әлімжеттік көрсеткен дейді құзырлы органдағылар. Енді сол жас сарбаздың ісі сотта қаралмақ. Алайда, марқұмның туыстары бір ғана адамды абақтыға тоғытып, қалғанын жылы жауып қоя салмаймыз деп отыр.
«Тергеу аяқталды. Бірақ тергеудің аяқталғаны бір жас сарбаздың ісімен аяқталып тұр. Бірақ 453-баппен біздер іс қозғаттық. Сол бап бойынша жауаптылар жазалану керек. Сонда Гвардейский қалашығындағы 30212-дегі командир, офицер, сержанттар қайда қарап отыр? Баланы өлтіріп қойып? Жауаптылар жазалану керек. Себебі баланы біз мектепке емес, садикке емес, отан алдындағы борышын өтеуге кеткен бала», - деді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Бас әскери прокуратура Гвардейский әскери бөліміне қатысты қылмыстық істің аяқталғанын растады. Ал, қамаудағы сарбаздан бөлек, өзге офицерлерге берілген жаза тек лауазымынан босатылу болыпты.
«Курсант Қалыбайдың қайтыс болуы бойынша қатардағы жауынгер Аманжоловқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 440-бабының 4-ші бөлімімен аяқталып отыр. Күдікті Аманжолов сот санкциясымен қамауда отыр. Осы болған оқиға бойынша Қорғаныс министрлігінің тарапынан бұрынғы командирі және бөлімше командирі өз лауазымынан босатылған. Және орынбасарымен басқа лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылған», - деді ҚР Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожахмет.
Тағы да еске салсақ, 22 сәуір күні Қордайдағы Гвардейский әскери бөлімінде Маңғыстаудан әскер қатарына шықырылған жауынгер қаза тапқан еді. Бұл қайғылы жағдайға қатысты Президенттің өзі кінәлілерді анықтауды тапсырған болатын.