Жұмысыңызға көңілім толмайды – Тоқаев Мусинге ескерту жасады
Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ұлттық деректер банкін құру бағытындағы жұмысына қанағаттанбайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Үкімет Ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүріп жатыр. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде Премьер-Министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-Министрді ұятқа қалдырып отырсыз», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елдегі қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке және киік санына қатысты мәселені оңтайлы шеше алмаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялаған болатын.