Алматы облысында 122 мұғалім жалған дипломмен білім беріп келген
81 маманға қатысты тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр
Алматы облысында жалған дипломмен жұмыс істеп келген 122 мұғалім анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура органдарының тексерісі барысында жалған дипломмен жұмысқа орналасқан мұғалімдердің Сарқанд, Қарасай, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде білім бергені белгілі болды.
Олар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дипломдарын ұсынған.
«Көрінеу жалған құжатты пайдалану фактісіне сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Кінәсін мойындауына және "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 41 маманға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды, соңғылары білім беру органдарынан шеттетілді.
81 маманға қатысты тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр.