Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда 134 балама қуат көзін өндіретін объекті тіркелген
Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда 134 балама қуат көзін өндіретін объекті тіркелген
Энергия қуатын өндірудің жалпы көрсеткішінде жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы 6%-ға, 2030 жылы 15%-ға, 2050 жылы 50%-ға, 2060 жылы 80%-ға арттыру жоспарланған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы энергетика комитеті отырысында «QAZAQ GREEN» ЖЭК Қауымдастығы» ЗТБ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда 134 балама қуат көзін өндіретін объекті тіркелген. Олар барлығы 2010 МВт өндірді. Оның ішінде күн станцияларының өндірген энергия қуаты – 1038 МВт. Қазақстанда соңғы 7 жылда балама энергия көзін дамытуға көңіл бөлініп келеді. Осы ретте айта кетерлігі, 2018-2021 жылдары жасыл энергия өндірісі аукцион арқылы жүзеге асты. Оған 12 мемлекеттен 196 компания қатысты. Бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті», - дейді Н. Қапенов.
Оның айтуынша, бұған дейін күн энергиясына тариф – 12 теңге, жел энергиясына – 14 теңге болды. Бірақ қазір бұл тариф көтерілген.
«Оның себебі, келген шығын көлеміне байланысты болып отыр. Соңғы уақытта аукционға қатысатын компаниялардың үлесі де кеміп келеді. Осы салаға жауапты министрлік тариф бағасын тағы да жоғарылату керек деп есептеймін. Өйткені, бұл салаға қызығушылық білдіретін инвесторлардың саны азайып отыр. Гидроэлектростанция салуға жер жетпейді. Өйткені, ондай орындардың барлығы жекенің қолына өтіп кеткен», - дейді «QAZAQ GREEN» ЖЭК Қауымдастығы» ЗТБ директорлар кеңесінің төрағасы.