Оралда 5 жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті
Бала тез арада ауруханаға жеткізілді

Оралда 5 жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Жазатайым оқиға 11 шілде күні сағат 11.00 шамасында С.Есқалиев көшесі 227-мекенжайында орналасқан бес қабатты үйде орын алған. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, 5 жастағы бала ата-анасының қарауынсыз қалып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Бала тез арада ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер баланың жағдайы орташа екенін, жабық бас сүйек жарақатын алып, миы шайқалғанын айтты.
"Құлауға бейім негізгі топ – бір жастан жеті жасқа дейінгі балалар. Құтқарушылар Орал тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауға, жиһазды терезенің алдына қоймауға, қандай жағдай болмасын москит торына сенбеуге және терезеге арнайы бекіткіштер орнатуға кеңес береді", – деді ведомство.