$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетау қаласына қарасты ауыл тұрғындары жол мен су тапшылығына шағымданды

Тұрғындар әкімдікке де бірнеше рет арызданған

Көкшетау қаласына қарасты ауыл тұрғындары жол мен су тапшылығына шағымданды
Фото ашық дереккөзден

Көкшетау қаласына қарасты Красный яр ауылының сол жақ бөлігіне қоғамдық көлік қатынамайды. Себебі жол жоқ. Одан қалды тұрғын үй алабына ауыз су да тартылмаған. Тиісті инфрақұрылымды ауылдықтар жылдар бойы күтіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Ауылдың бұл бөлігі құдды бір шалғай елді мекенге ұқсайды. Ол бой көтерген 10 жылдан астам уақыттың ішінде мұнда бірде-бір қоғамдық көлік бұрылған емес. Жағдай әсіресе, шеткі аумақтарда қиын. Мектеп пен балабақша болмаған соң, бас-аяғы 100 шақты үйдің балалары алыстағы білім ошақтарына жаяу баруға мәжбүр.

 «Мысалы, біздің үйден мектепке дейін үш шақырым. Біздің артымызда тағы 1 шақырымдай адамдар тұрады. Таңертең 7-ден бастап балалар мектепке шыға бастайды. Күн суық болсын, жылы болсын, саз болсын, аяз болсын. Соларды өзің терезеден қарап отырғанда жүрегің ауырады», - дейді ауыл тұрғыны Әлияш Дәулетбекқызы.

 Мұнда жол түгілі, ауыз су да жоқ. Тұрғындардың сөзінше, әркім өз ауласынан құдық қазып алайын десе, суы тұзды боп шығады. Сонымен амалсыздан тіршілік нәрін олар сырттан тасып жүр.

 «Әркім әртүрлі. Жеңіл көлігі барлар әкеледі. Кейбіреулер көршісінен алады. Кейбіреуі енді малға деп, қаздырып алған кісілер бар. Ішуге жарамайды. Ал басқалары орталық жақтан әкеледі», - дейді тұрғындардың бірі Тілеубек Дөтей.

Тұрғындар аталған мәселелерді айтып, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады дейді. Әкімдікке де бірнеше рет арызданған. Тіпті, жергілікті билік өкілдері де халықтың шақыртуымен мұнда талай рет келіпті. Алайда соның бәрінен еш нәтиже болмай тұр.

 «Әкімдер осы сәуір кезінде келіп кетті. Сол кезде қала әкімінің жиналысы болды. Бәрін айтты, қатырамыз, жасаймыз, істеп береміз деді. Міне, содан бері екі ай өтті. Енді 2 айда қаншама жұмыс бітетін уақыт болды ғой негізі», - дейді Красный Яр аулының тұрғыны Манас Мұсаұлы.

Одан қалды мәслихат депутаттары да келіп, бізді жұбатып кетеді дейді ауылдықтар. Ал елді мекеннің әкімі ондағы жолдардың біразы биылдан қалмай жөнделеді деп сендіріп отыр. Тіпті, алғашқы көшеге осы айда асфальт төселетінін айтады.

 «Сейфуллина, Мира-2 көшелеріне бізге ақша бөлінді. Мен қазір айтайын, 92 млн-ға конкурс бәрі өтілді. Жақын уақытта асфальтпен жабады. Сөйтіп, ол көшелерді біз осы айда жабамыз. Қалған Геологов көшелері мен проулоктарды оған да ақша бөлінген, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен. Тамызға қарай бастайды жұмысты», - деді Красный яр ауылының әкімі Ардақ Тасқынбай.

Әкімнің айтуынша, су құбырын тарту да биылғы жоспарда бар екен. Сөйтіп, жергілікті билік өкілінің жылдар бойы шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің күрмеуін бір-ақ күнде тарқатып бергені таңырқатты. Ал нәтижесін уақыт көрсете жатар. Алайда қоғамдық көліктің проблемасы оңайлықпен оңалмайтын секілді. Себебі, қаладағы автобус парктері елдімекеннің бұл бөлігіне қатынағысы келмейді.

Серіктес жаңалықтары