Мемлекет басшысы Жапонияның бұрынғы Премьер-министрінің тезірек сауығып кетуін тіледі
Дәрігерлер Синдзо Абэнің өмірі қыл үстінде екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэнің тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Президент өзінің Instagram желісіндегі жазбасында айтты.
«Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэге жасалған қастандықты Қазақстан жұртшылығы ауыр қабылдап, алаңдаушылық білдіруде. Белгілі саясаткердің тезірек сауығып, отбасына оралуына тілектестік білдіремін», - делінген жазбада.
Еске сала кетейік, бүгін белгісіз біреу Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Синдзо Абеге шабуыл жасады. Салдарынан Синдзо Абэ ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі қыл үстінде екенін жеткізді. Оқиға Нара қаласында Синдзо Абэнің көпшілік алдында сөз сөйлеп тұрған сәтінде болған.
Артынша полиция шабуыл жасаған күдіктіні оқиға орнында ұстап, оның қаруын тәркіледі.