Алматыда азық-түлік бағасының өсуі сақталып отыр – Досаев
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін алдын алу шаралары қабылданды

Алматыда азық-түліктің бағасының қымбаттауы әлі де жалғасып жатыр. Қант бағасы екі есеге дейін қымбаттаған. Жыл басынан бері инфляция 10,3% құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, инфляцияның негізгі үлесі бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуіне тікелей байланысты. Қант екі есеге қымбаттап, келісі 560 теңгеге жеткен. Пияз 90,2% қымбаттаса, нан +18,3%, сүт 18% өскен. Тек жұмыртқаның бағасы ғана небәрі 0,4% арзандаған. Сиыр етінің келісі 2 350 теңгеге, сары май 3 400 теңгеге, тұздың құны 6,5%-ға өскен. Жеткізу тізбегінің бұзылуы және теңге бағамының тұрақсыздығына байланысты инфляция әліде жоғары болады деп болжанған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін алдын алу шаралары қабылдануда. «Айналым схемасы» бойынша қаржыландыру 4 млрд теңгеге (11 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылды. Бекітілген бағамен сату үшін 6,5 мың тонна қант сатып алынды (Magnum, Small, Toimart-та 480 теңге). Басқа өңірлерден (Түркістан, Алматы), сондай-ақ жақын (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) және алыс шетелден (Иран, Пәкістан) көкөніс пен жемісті тікелей жеткізу ұйымдастырылды. Нан бағасын тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясының қорларынан астық жеткізілуде (32 мың тонна). Қант бағасының өсу ықтималдылығы, бакалея өнімдері қорларының азаюы, Ресейге көкөніс өнімдерін жаппай экспорттау тәуекелдеріне байланысты ірі сауда желілеріне қант әкелуге жекелеген квоталар бөлу және бакалея мен көкөніс өнімдерінің экспортын шектеу мәселелері пысықталып жатыр», - деді ОКҚ-да өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.