Емтихан ашық әрі әділ өткендіктен, оқушылар ҰБТ-да шекті балл жинай алмады – Емелбаев
Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, биыл шекті балл 66 болды
Өткен жылмен салыстырғанда шекті балл жинағандардың көрсеткіші биыл 7%-ға жоғары, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты.
«Оқушылардың ҰБТ кезінде шекті балл ала алмауына бірнеше себеп бар деп ойлаймын. Мысалы, тесттің сұрақтарын күнбе күн қайталанбайтындай ауыстырып отырдық. Бұл балдың төмен болуына әсер етті. Биыл жаттауға бейімделген сұрақтардың санын азайттық. Биыл шекті балл 66 болды. Өткен жылы 69 балл болған еді», - дейді Р. Емелбаев.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ҰБТ ұйымдастырушылары емтиханды ашық әрі әділ өткізгендіктен, балалардың білім деңгейі төмен болып отыр.
«Бұрын жоғары балл алғандардың тұсында ҰБТ-ның әділ өтпеуі негізгі факторлардың бірі болды деп айтар едім. Десе де, бұл мектептегі білім көрсеткіші төмен дегенді білдірмейді. ҰБТ ұйымдастыру кезінде компьютер форматы енгізілгеннен кейін қадағалау шаралары жақсарды. Бұрынғыдай ешкім ереже бұза алмайды», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.