Жамбыл облысында мыңнан аса оқушы тегін тамақтан қағылған
Бұл прокурорлық тексеріс нәтижесінде белгілі болды
Жамбыл облысының Қордай ауданында 1124 оқушы тегін ыстық тамақтан қағылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қордай аудандық прокуратурасы білім беру ұйымдарында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуге жататын балалардың құқықтары бұзылғанын анықтады. Атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған отбасылардан шыққан балаларға заңнамамен белгіленген жеңілдіктер жасалмаған.
«Тексеріс барысында аудан бойынша тегін ыстық тамақпен мектеп жасындағы 7748 бала қамтамасыз етілуге жататыны, алайда тек 6624 бала қамтамасыз етіліп, 1124 оқушының құқықтары шектелгені белгілі болды», - деп көрсетті Жамбыл облысының прокуратурасы.
Осыған орай, аудан прокуратурасы қадағалау актісін енгізді. Алда оқу жылында олар толық тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.