Жамбыл облысында шекарадан заңсыз өткен Қырғызстан азаматы ұсталды
Күдікті өткен жылдың көктемінде аты-жөні белгісіз адамның көмегімен ешбір тіркеусіз мемлекеттік шекарадан өткен
Полиция қызметкерлері Қордай ауданында қызмет атқару кезінде Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткен азаматты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тексеру барысында Қырғызстан Республикасының 28 жастағы тумасында Қазақстан аумағына келу туралы ақпарат жоқ екені анықталды.
Күдіктінің айтуынша, 2020 жылдың наурыз айында "Қарасу АВТО" өткізу пунктінде белгісіз біреудің көмегімен базада тіркелмей мемлекеттік шекараны кесіп өткен.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Жедел-алдын алу шарасы басталғаннан бері тәртіп сақшылары ҚР Көші-қон заңнамасын бұзудың 600-ге жуық дерегі мен 4 қылмыстық істі тіркеді. Сонымен қатар, 185 шетелдік сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Оларға елімізге келуге 5 жылға тыйым салынды», - деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Арман Тұрдалиев.