«Нұр-Сұлтан-Кутаиси» рейсінде шу шығарған грузиялық ерлі-зайыптылар борттан түсірілді
Шетелдік азаматтар әуе компаниясы қызметкерлерінің ар-намысына тигені үшін жауапқа тартылды
«Нұр-Сұлтан-Кутаиси» рейсінде шу шығарған Грузия азаматтары борттан түсірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Air Astana» әуе компаниясы қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы ЖПб кезекші бөліміне «Нұр-Сұлтан-Кутаиси» бағытындағы әуе рейсінде құқық бұзушылар туралы хабарлаған.
"Тексеру барысында 1991 жылы туған Грузия елінің азаматы және оның 1985 жылы туған жұбайы әуе кемесі өкілінің ар - намысын қорлап, қоғамдық ортада былапыт сөйлегені анықталды. Бұл факті бойынша Грузия азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 434б. 1 б «Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды", - деп көрсетті Көліктегі полиция департаменті.
Ал оның жұбайына ҚР ӘҚБтК-нің 566 б. 1 б «Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу» бойынша үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.