$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттік сатып алу сайтында балалар суицидінің алдын алу жөнінде лот қаптап кеткен

Атырау облысындағы Жылыой ауданының білім бөлімі кемі 100 ата-ана жинап, семинар өткізген

Мемлекеттік сатып алу сайтында балалар суицидінің алдын алу жөнінде лот қаптап кеткен
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда «бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау және жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерді шешудің 2020-2023 жылдарға арналған Жол картасы» орындалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік сатып алу сайтында балалалар арасындағы суицидтің алдын алу үшін әртүрлі тендерлер ұйымдастырылған. Тапсырыс беретіндердің дені – түрлі облыстардың, қала мен аудандардағы білім басқармалары, мектептер мен жергілікті емханалар.

Мәселен оқу жылы аяқталған кезде, дәлірек айтсақ, биыл мамырдың 28-і күні Атырау облысы Білім басқармасының Жылыой аудандық білім бөлімі 6,8 млн теңгенің тендерін аяқтады. Конкурс қорытындысы бойынша лотты бір көзден «Bilim Foundation» қоғамдық қоры сатып алған. Ұйым бұл облыста емес, сонау Нұр-Сұлтанда орналасқан, жетекшісі – Ерлан Айтмұхамбетов.

Лоттың техникалық сипаттамасына сәйкес, енді осы қор психологтарды оқытуға, «кәмелетке толмағандардың менталды денсаулығы мен өмірлік дағдыларын нығайту бойынша кітаптардың кемінде 10 аудио нұсқасы және психологтар үшін аудиокітаптарды пайдалану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар» жасауға, кәмелетке толмағандар үшін психологиялық сауықтыру тақырыптары бар кемінде 30 бейне ролик жасауға, кемі 100 ата-анаға семинар өткізуге міндетті. Айта кететін жайт, лоттың техникалық құжаттамасы бойынша осы 100 ата-ананы Жылыой ауданының білім бөлімі жинап береді.

Тағы бір айта кететін жайт, «балалар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбы мемсатып алу сайтында бизнеске айналғандай әсер қалдырады, себебі бұл тақырыптағы тендерлерді тек жекеменшік, болмаса қоғамдық қорлар ғана емес, мемлекеттік ұйымдар да жеңіп алып жатыр. Мысалы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қатысты №5 қалалық емханасы жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасы бойынша терапевт, педиатор мен жалпы тәжірибедегі психиатор дәрігерлерді оқытқысы келген. Сондықтан, құны 754 мың теңгенің бір қызметіне лот жариялаған. Конкурс бүгін, 5 шілде күні аяқталатынына қарамастан, жеңімпаз анықталып, бір көзден сатып алу арқылы лотты Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мемлекеттік мекеме жеңіп алған.

Дәлірек айтсақ, Алматы қаласындағы «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» енді БҚО-дағы емхана мамандарына суицидтің алдын алуды үйретеді.

БҚО-дағы емханаларда маман тапшы болса керек, облыс орталығындағы №2 емхана да дәл осындай лот жариялап, бір қызмет үшін 580 мың теңге ұсынған. Конкурсқа 1 шілдеге дейін құжат қабылданады.

Мемсатып алу сайтындағы мәліметтерге қарап, суицидпен күресте емханалардан гөрі мектептердің «тәбеті» жоғары екенін байқауға болады. Мәселен Павлодар облысының Білім басқармасы балалар арасындағы суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бейнероликтер даярлап, оны трансляция жасау үшін 1,8 млн теңгенің лотын жариялаған. Лотты жергілікті «ЦИТАДЕЛЬ фирмасы» ЖШС жеңіп алған. Компания бұл қаражатты жазда, яғни 1 маусым мен 31 тамыз аралығында игеріп аяқтауы керек.

Лоттың техникалық сипаттамасына сәйкес, жеңімпаз компания «Павлодар қаласының кемінде 6 LЕD-дисплейінде роликтерді тәулігіне 24 сағат бойы көрсетуі тиіс.

«Бір бейнероликті трансляциялаудың жалпы саны тәулігіне кемінде 110 рет», - деген талап қойған Білім басқармасы.

Серіктес жаңалықтары