Қытайда коронавирустан қаза тапқандардың саны 304-ке жетті
Әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 14 мыңнан асты

Қытайда коронавирустан қаза тапқандардың саны 304-ке, ал вирус жұқтырғандардың саны әлем бойынша 14 380-ге жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Бұған дейін ҚХР денсаулық сақтау мәселесі бойынша мемлекеттік комитет жұқпалы аурудан 259 адам қаза тауып, 11 791 науқастанып жатқанын айтқан еді.
«31 провинциядан алынған мәлімет бойынша, 14 мың 380 адам коронавирустың жаңа түріне шалдыққан, оның ішінде 2110 адам ауыр халде жатыр. 304 адам қаза тапты. 328 адам ауруханадан шығарылды», - делінген хабарламада.
Бір тәулікте осы ауруды жұқтырған 2590 дерек тіркелген.
Сонымен қатар 19 544 адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырды деген күдікпен тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта науқастармен тығыз байланыста болған 137,6 мың адам бақылауға алынған.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының филиппиндік бөлімі Уханьнан келген 44 жастағы азамат Филиппинде көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл коронавирустан Қытайдан тыс жерде қаза тапқан деректің тіркелгені туралы алғашқы жағдай.