$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде медициналық университет студенттері мен олардың ата-анасы оқу ақысының қымбаттағанына наразы

Білім ошағы жыл сайын оқу ақысын 30-40 мыңға өсіріп отырады екен

Ақтөбеде медициналық университет студенттері мен олардың ата-анасы оқу ақысының қымбаттағанына наразы
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде медициналық университет студенттері мен олардың ата-анасы оқу ақысының қымбаттағанына қарсы. Жоғары оқу орны басшылары осыдан бір жарым ай бұрын бағаны бірден екі жүз мың теңгеге көтеріп жіберген. Оны осы уақытқа дейін ешкімге айтпаған. Тек студенттер жазғы демалысқа кеткен кезде ғана мамырдағы жасырын өткен жиналыстың шешімін көріпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Сабақ бітсе де таң атасымен жүзге жуық студент Ақтөбедегі медициналық университет алдына жиналды. Олар күні кеше ойламаған жерден оқу ақысының екі жүз мың теңгеге өскенін естіп қалыпты. Ең қызығы жоғары оқу орнының басшылары мұндай шешім қабылдағанын бір жарым ай бойы жасырып келген. Тек студенттер каникулға шығып, жан-жаққа тарағанда ғана шет жағасын шығарады.

 «Бұл туралы бізге айтылған да жоқ, бізбен ешкім келіскен де жоқ. Ол негізі 13 мамыр күні шешіліп қойған дейді. Барлығы кеңесіп, жиналып келіскен дейді. 13 мамырда барлық студент сабақта болды. Бізде тіпті емтихан да болған жоқ. Сол кезде студенттердің барлығын жинап айту керек еді. Оны біз аяқ астынан білдік», - дейді оқу орнының білімгері Аружан Жақсыбаева.

Батыс Қазақстан медициналық университеті жыл сайын оқу ақысын 30-40 мыңға өсіріп отырады екен. Бұл жолы тіптен шектен шықты деп ашынады жастар.

Студенттердің ата-аналары да оқу ақысын қымбаттатуға шешім қабылдағандарды айыптап отыр. Келісімшартта көрсетілген екі жақты келісім мүлдем орындалмақ түгілі, алдын ала ескертпеулері заңсыз дейді.

 «Барлық ата-ананың қалтасы көтермейді бұл соманы. Бірден 210 мың теңге қосып, 1 миллион 1 мың теңге ақша бірден шығып кетіп тұр. Оған біз келіспейміз. Ата-анаға ешқандай хабар жоқ. Студенттер де қазір демалыста. Білмеймін бұл қалай шешілгенін?», - дейді ата-аналардың бірі Аманжол Ерматов.

 Наразы топтың алдына шыққан университет проректоры болса шығынымыз көбейді деп отыр. Жоғары оқу орны көрсететін қызметті дүкендегі нан бағасымен салыстырып ақталды.

 «Себебі коммуналдық төлемдер бағасы өсіп жатыр. Бар баға өсіп жатыр. Мысалы сіздер нанды 23 ай бұрын 100 теңгеден алдыңыздар. Қазір 150 теңге. Магазинге барып неге бұл сұрақты қоймайсыз. Жылына біздің шығындарымыз да көбеюде. Мысалы, биыл электр қуаты үшін 41 миллион, су мен канализация үшін 85 миллион 700 мың, газ үшін 27 миллион жұмсадық», - деді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің проректоры Надияр Мусин.

Студенттер мен ата-аналардың жаппай наразылығынан соң оқу ақасының өзгеру, өзгермеуі әзір белгісіз. Өйткені, Марат Оспанов атындағы медициналық университеттің өзі басшысыз отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі директорлар кеңесін таратып жіберген. Ал оның жаңа құрамының қашан жасақталатынын әзір ешкім нақты айта алмайды.

 

Серіктес жаңалықтары