Өскеменде 4,3 млн теңге жымқырған есепші ұсталды
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Өскеменде 4,3 млн теңге жымқырған есепші ұсталды. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына қаладағы ЖШС-лардың бірінің басшысы хабарласты. Өз сөзінде ол кәсіпорынның бұрынғы есепшісі пайда табу мақсатта қызметтік жағдайын пайдаланып, ақша жымқырғанын жеткізді.
«Соның салдарынан ЖШС-ға 4 300 000 теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктіні ұстады. Жауап алу кезінде әйел адам өз кінәсін мойындады», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ол қолхатпен босатылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігіне (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.