Астанада субұрқақтан энтеровирус РНК-сы анықталды
Соңғы екі аптада елордада сырқаттанушылық деңгейі 2,6 есе өсті
Нұр-Сұлтанда субұрқақтан энтеровирус РНК-сы анықталды. Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауа райының жылы болуына және шомылу маусымының басталуына байланысты елордада энтеровирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың маусымдық артуы байқалады. Атап айтқанда, соңғы екі аптада Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сырқаттанушылық деңгейі 2,6 есе өсті. Жалпы жыл басынан бері 453 адам ауырып қалды. Оның 52 пайызы немесе 234 жағдай жазғы кезеңге келеді. Балалар, сондай-ақ иммун тапшылығы бар немесе басқа сырқат түрлерінен әлсіреген адамдар бұл инфекцияға көбірек бейім. Жыл басынан бері тіркелген барлық жағдайлардың 98 пайызы немесе 443-і - 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі уақытта 63 бала ем алуда», - деді ол.
Оның айтуынша, эпидемиялық маусымда балалар арасында энтеровирустық инфекцияның көп таралуының негізгі себебі су қоймаларында, бассейндер мен субұрқақтарда шомылу болып тұр.
«Осы мән-жайларды ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға балалардың денсаулығын сақтау бойынша барлық шараларды қабылдау және олардың өміріне қауіп төндіретін барлық жағдайлардың алдын алу қажеттілігі туралы кеңес береді», - деді Сархат Бейсенова.
Естеріңізге сала кетейік, астаналық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық маусымда мамырдан қыркүйекке дейін зертханалық зерттеулерге су сынамаларын ала отырып, субұрқақтардың су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді. Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталды.
Атап айтқанда, лайлылық бойынша рұқсат етілген мәннің 1,04 - 1,4 есе артуы байқалады. Сондай-ақ Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысында орналасқан су бұрқақта вирусологиялық көрсеткіштер бойынша энтеровирус РНК-сы анықталып отыр.