Елордадағы политехникалық колледж жатақханасы КСРО кезінен жөндеу көрмеген
«Jas Otan» жастар қанаты жатақхана аралап, рейд жүргізуді бастады
Ескі кеңестік жиһаз, тұтқасы жоқ есіктер, сынған терезе. Елордадағы политехникалық колледж жатақханасының бүгінгі жағдайы осындай, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі «Еуразия» телеарнасына сілтеме жасап.
«Jas Otan» жастар қанаты жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларына рейд жүргізе бастады. Бүгін олар политехникалық колледж жатақханасына ескертусіз барып, студенттердің қандай жағдайда тұрып жатқанын көріп қайтқан.
«Есіктердің ғана емес, терезелердің де тұтқасы жоқ. Төсектерде матрас жоқ. Негізі, төсек деп айтуға да келмейді. Жиһаздар тым ескі. Бөлмелер дымқыл. Бейнекамералар жұмыс істемейді. Ең жаманы - өрт қауіпсіздігі сақталмаған», - дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.
Ол студенттердің басқа жатақханаларда тұруына жағдайы жоқ екенін білетінін, бірақ колледж директоры бұл мәселені шешуі тиіс екенін айтты. Белгілі болғандай, ғимарат 1966 жылдан бері толық жөндеу көрмеген.
Айта кету керек, елордада 16 ЖОО мен 35 колледж бар. Жасотандықтар осы оқу орындардың жатақханаларының барлығына баруды жоспарлап отыр.