Депутаттар каникулға кетті: бір жылда олар қандай жұмыс атқарды
Парламент Палаталары биыл 4 рет бірлескен отырыс өткізді
Бүгін, 30 маусым Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясы жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттардың осы сессияда атқарған жұмысын қорытындылап, баяндама жасады.
«Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өтті. Ең алдымен, біз екі жылға созылған коронавирус пандемиясын еңсеріп қана қоймай, ортақ күш-жігеріміздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік», - деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, Парламент Палаталары биыл 4 рет бірлескен отырыс өткізген. Мәжілістің 42 жалпы отырысында 271 мәселе, Сенаттың 42 жалпы отырысында 148 мәселе қаралған.
«Ағымдағы сессия кезінде қос Палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды. Парламент қабылдаған заңдардың қазіргі уақытта 66-сына Президент қол қойып, заң күшіне енді», - деді Қошанов.