$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Арқалық қаласындағы мәдениет үйі 12 жылдан бері қаңырап бос тұр

Нысанды жөндеуге қаржы бөлінбей келеді

Арқалық қаласындағы мәдениет үйі 12 жылдан бері қаңырап бос тұр
Фото ашық дереккөзден

Арқалық қаласының қақ ортасындағы үш қабатты  мәдениет үйі  12 жылдан бері бос тұр. Ғимарат 2010-шы жылы апатты деп жабылған. Нысанды жөндеуге бірнеше рет жоба жасалғанымен қаржы бөлінбей отыр. Ал мәдени ұжымдар мен үйірмелер талапқа сай келмейтін әр жерді бір паналап жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Кеншілер сарайы деп айдар тағылған  бұл нысан 1973 жылы пайдалануға берілген. Үш  көрермен залы, би алаңы, спортзал мен  кітапханасы бар ғимарат кезінде дүркіреп тұрды. Нысанға жөндуе жұмыстары жүргізілмеген соң, біртіндеп тозып, ақыры жарамсыз күйге түсті.  

 «Күрделі жөндеу жүргіземіз деген жоспармен жабылған. Үш рет ЖСҚ жасалды. 2010-шы жылы, 2017-шы жылы. Енді 2021 жылы жасалған еді. Қазір соның мемлекеттік сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Бұған дейінгі жобаларға дер кезінде қаржы бөлінбей, жүзеге аспай қалған», - дейді мәдениет сарайының директоры Алмагүл Жұмабаева.

 Ал мәдениет ошағы болмаған соң қаладағы 36 өнер ұжымы мен мыңнан аса баланы қамтитын үйірмелер әр босағаны сағалауға мәжбүр. Ол ғимараттар  талапқа  сай келмейді. Спорт нысандары да тапшы.

 «Бұл ғимараттың ерекшелігі үлкен спорт залы бар. Оған кіретін есік бөлек, өзен жақта тұр. Сол жақтан шығып, қысқы спортпен айналысуға да мүмкіндік бар. Бұл ғимарат тек мәдени саланың ғана емес, спорттың да жандануына үлкен серпін берер еді», - дейді Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жанат Қосылбаева.

Кең сарайды жөндеуге кемінде 991 миллион теңге қажет. Қомақты қаражат Қостанай облыстық бюджетінің өзіне көтере алмас жүк болып тұр. Өткен жылы өңірдегі  үш мәдени нысанды жөндеуге 800 миллион  теңге ғана бөлінген.

 «Осы үлкен ғимараттың жөнделуі қаланың өміріне серпін берері сөзсіз. Сараптаманың оң шешімін алған соң біз бюджеттік өтінім береміз. Мүмкіндігінше республикадан сұраймыз. Себебі бұл өте үлкен жоба болғалы тұр», - дейді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Серіктес жаңалықтары