Алматы облысында 1,5 млн гектар орманды жерді небәрі 30 адам өзара бөлісіп алған – депутат

Депутат соңғы 20 жылдан бері ен жайлауды иемденіп алғандарға қатысты шұғыл шешім шығаруды сұрады

Алматы облысында 1,5 млн гектар орманды жерді небәрі 30 адам өзара бөлісіп алған – депутат
Фотоколлаж: Azattyq Rýh

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Күзиев мемлекеттік орман қоры жерлерін жекелеген адамдардың аң шаруашылығы үшін пайдалануы жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат «ең жақсы жерлерді аз ғана топтың иемденіп алғаны бізді қатты ойландырады» деді. Тіпті, орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңды жаппай жою әдетке айналғанын да бүкпесіз айтты.

«Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында орманды жерлерді аң шаруашылығы үшін таратып беруден мемлекет не ұтты?» деген заңды сұрақ туады. Түсінікті болуы үшін мысал келтірейін. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небәрі 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған. Ал Ұйғыр ауданында жағдай тіптен қиын. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды. Сонда осы үш аудандағы бір жарым миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның ғана қолында қалған», - делінген депутаттық сауалда.

Бүгінде ауылды жерлерде мал жаятын жер жоқтың қасы, ал қорасында төрт түлікті бордақылайтын тұрғындар санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзып жатыр деген Зәкіржан Күзиев министрден соңғы 20 жылдан бері жайлауларды иемденіп алғандарға қатысты шұғыл шешім шығаруды сұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.