Тоқаев Түрікменстан басшысын «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті
Мемлекет басшысы Ашхабадқа жұмыс сапары барысында Түрікменстан Ұлттық кеңесі Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақорданың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан Президенті ең алдымен, Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның басшылығымен Түрікменстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтті.
Кездесу барысында дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 30 жылдың ішінде Қазақстан мен Түрікменстанның байланысы бауырластық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткені айтылды. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрікмен қарым-қатынастарына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Сонымен қатар Халық мәслихаты төрағасы ретінде елінің дамуына, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек ете беретініне сенім білдірді», - делінген хабарламада.