1 ақпанға арналған ауа райы болжамы
Сенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болмайды
1 ақпан күні Қазақстанның барлық дерлік аумағы солтүстік-батыс антициклонының ықпалында болады. Соған байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республиканың тек батысы атмосфералық фронттардың әсерінде болатындықтан, жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде тұман, көктайғақ, оңтүстік-шығыста және солтүстік-батыста желдің күшеюі сақталады.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі.
Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында көктайғақ болжанады.
Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында жел 17-22, күндіз екпіні 27 м/с күшейеді, түнде және таңертең кей жерлерін тұман басуы ықтимал.
Ақтөбе облысында, түнде Мұғалжар ауданында желдің екпіні 18 м/с артады.