Қарағанды облысындағы абақтыда 11 адам ЖИТС жұқтырды
Олар жұмыс істеуге қалаға шыққанда бір ине арқылы есірткі қолданған
Қарағанды облысындағы АК 159/20 колониясында жазасын өтеп жатқан 11 адамнан ЖИТС дерті анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Олардың барлығы қауіпті індетті ине арқылы жұқтырған. Айтуларынша, есірткіні түрме қабырғасында емес, жұмыс істеуге қалаға шыққанда қолданған. Айта кету керек, мұндағы жазасын өтеушілердің барлығы күзетшілердің бақылауымен түрлі жұмыстарға тартылады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Әзірге дерттің кімнен, қай жерде, қашан жұққаны жұмбақ күйінде. Анығы, өткен жылғы дәрігерлік тексерісте олардың барлығы сау болған.
«Бұл жағдайдың қалай болғанына таңымыз бар. Себебі күзетшілер жазасын өтеушінің ешбірін де көзден таса қылмай, қатаң бақылауда ұстайды емес пе? Қалай болғанмен де, қазір арнайы құрылған комиссия тергеу жұмыстарын бастады. Ақпан айында нәтижесі белгілі болады. Келешекте мұндай сұмдық қайталанбас үшін қатаң шаралар қолдану керек», - дейді «адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» директоры Юрий Гусаков.