Түркияда құны бір млрд доллар болатын мұнай ұңғымалары табылды
Түркия мұнай мен газды барлау бағдарламаларын дамытумен айналысады
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Адана қаласында екі ұңғымадан жоғары сапалы мұнай табылғанын, оның қоры шамамен бір миллиард доллар болатынын айтты. Бұл туралы Azattyq Ruhy 16haber басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Альпарслан Байрактар бұған дейін мемлекет 2022 жылы газ тұтынуды көбейтіп, оны жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтетінін айтқан болатын. Оның айтуынша, Түркия мұнай мен газды барлау бағдарламаларын дамытумен айналысады және инфрақұрылымға қаражат салады. Мысалы елде Әзербайжан, Грузия, Грекия, Албания және Италия елдерімен бірге екі ірі жоба іске қосылды.
Режеп Тайып Ердоған сөзін жалғай отырып, Түркияның бүгінгі экономикалық жағдайына түсініктеме беріп, халықтан шыдамдылық танытуды сұрады.
«Біз инфляция деңгейін 2023 жылдың ақпан-наурыз айларына дейін едәуір төмендетеміз», - деді ол.
Мамыр айының қорытындысы бойынша Түркиядағы жылдық инфляция 73,5 пайызға жетіп, 24 жыл ішінде рекордтық көрсеткішке жетті. 2022 жылы бағаның өсуі 1998 жылғы ең жоғары деңгейден асып түсті.