$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкімет басшысы электрондық форматта қызмет көрсетпейтін министрліктерді сынға алды

Адами фактормен құрылатын қызметтердің саны шамамен 85 пайызды құрап отыр

Үкімет басшысы электрондық форматта қызмет көрсетпейтін министрліктерді сынға алды

Қазірде мемлекеттік қызметтердің 93%-ы онлайн түрде қолжетімді, бірақ кейбір мемлекеттік органдарға бұл жұмысты әлі де жетілдіру қажет. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Проактивті қызметтерді енгізу жұмысын басқа да меморгандар жандандыруы қажет. Мәселен, министрлік жүргізген талдау мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі, яғни адами фактормен құрылатын қызметтердің саны шамамен 85 пайызды құрап отырғанын көрсетті. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сондықтан мемлекеттік органдар адами факторсыз құрылатын электронды қызметтердің санын арттыруға белсенді атсалысуы қажет», - деді Мусин.

Ведомство басшысы қызметтердің көбі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ақауларына байланысты қолжетімсіз екенін ескерді. Осылайша олар жыл соңына дейін аталған проблеманы ретке келтіріп, барлық электрондық қызметтерді іске қосуы тиіс.

Бұдан бөлек, бүгінде қазақстандықтар ХҚО-ға жүгінбей-ақ 13 қызметті қашықтан ала алады. Министрдің сөзіне сенсек, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 63 қызмет түріне дейін өспек. 

«Осыған орай, министрлік меморгандармен бірлесіп, 2025 жылға дейін азаматтарға консультация және қызмет көрсетуді осы «Видео ХҚО» тәсілі арқылы ұсынуды жоспарлап отырмыз. Біз ХҚО-ларда QR арқылы БАЖ-дарды төлеу мүмкіндігін енгіздік. Нәтижесінде 5 ай ішінде азаматтардың қаражаты 205 млн теңгеге үнемделді», - деді министр.

Бағдат Мусин өз баяндамасында бюрократиядан арылту жөніндегі жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл соңына қағазбастылықтың саны 20%-ға азаяды.

«Мемлекеттік органдар жылдың соңына дейін салалық деректердің 20%-ын автоматты нысанға ауыстыру үшін өз есептеріне реинжиниринг жүргізуі қажет. Заң шығару және бюджеттік жоспарлау процестерін реинжинирингілеу негізінде олардың мерзімдері қысқаратын болады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктері бойынша кейбір қызметтерді электрондық форматта алу мүмкін еместігін атап өтті.

«Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде  қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен. Цифрлық даму министрлігіне аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді тапсырамын», - деді Смайылов.

Сол сияқты Премьер-министр Цифрлық құжаттардың қолданыс аясын кеңейте отырып, олардың санын арттыру қажеттілігіне тоқталды. Бұл ретте ең алдымен қолданыстағы цифрлық құжаттарды   барлық мемлекеттік органдар заңды түрде мойындауы тиіс.

«Сонымен қатар, оларды әртүрлі ресурстарға орналастыру қауіпсіздігін де ойластыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2 ай мерзімде осы мәселені техникалық тұрғыдан іске асыру жоспарын бекітуді тапсырамын», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары