Жоғарғы Сот республика судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді
Ж.Асанов Жоғарғы Соттың 17 заң жобасын әзірлегенін атап өтті
Жоғарғы Сот республика судьяларының кеңейтілген кеңесін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов екі жыл ішінде бірқатар бастамалардың іске асырылғанын айта келе, олар судьялардың, адвокаттардың, заңгерлер қауымдастығының пікірлеріне негізделгенін атап өтті.
«Сот төрелігінің 7 түйіні» шеңберінде сот жүйесін жаңғырту бойынша шаралар кешені жүзеге асырылды. Олар судьяларға ғана емес, тұрғындар мен бизнес үшін де тиімді болды. Күнделікті қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінімізді көпшілік біле бермейді. Халық жедел өзгерістерді талап етеді. Олар сот төрелігінің бүгін, тап қазір мінсіз болғанын қалайды. Алайда, күрделі өзгерістер үшін уақыт қажет», - деді Ж. Асанов.
Ол судьялық кадрлардың, сот актілері мен сот қызметінің сапасын жақсарту туралы Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғарғы Соттың 17 заң жобасын әзірлегенін атап өтті. 9 заң күшіне енсе, тағы кемінде сегізі талқылануда.
Соңғы 2 жылда ақтау үкімдерінің саны күрт өсті: ауыр қылмыстар бойынша 15 есе, ал аса ауыр түрлері бойынша 5 еседен артты. Судьялар қылмыстық қудалауға ұшыраған азаматтардың құқықтарын неғұрлым жақсы қорғай бастады. Тергеу және анықтау органдарының үстінен түсірілген шағымдардың 42% қанағаттандырылды.
«Президент Жолдауында бірқатар құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатайту туралы тапсырма берді. Сәйкесінше енді құқық бұзушылық пен қылмыс үшін жаза тағайындау бойынша сот практикасы да өзгереді. Бұл жеке тұлғаға қарсы, соның ішінде жыныстық тиіспеушілікке, сексуалдық сипаттағы зорлау әрекеттеріне, отбасы мен кәмелетке толмағандарға қарсы, автокөлікті мас күйінде жүргізу және т.б. байланысты. Барлық соттар мұны назарға алу тиіс», - деді Жоғарғы Сот төрағасы.
Жоғарғы Сот төрағасы 2020 жылға арналған міндеттерді белгіледі. Сот төрелігінің сапасына мониторинг жүргізу бойынша IT-өнімді енгізу, судьялар штатын ұлғайтпай-ақ, арнайы әкімшілік соттар құру, қылмыстық істер бойынша кассацияға қолжетімділікті кеңейту, апелляцияның рөлі мен жауапкершілігін арттыру басым міндеттер ретінде аталып өтілді.
Ж.Асанов Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тезисін еске сала келе, қоғаммен тиімді кері байланыс құру қажеттігін атап өтіп, 2020 жылды Коммуникация жылы деп жариялады.