«Ақпарат жалпылама түрде берілген»: Дикий Арманның адвокаты Бас прокуратураның мәлімдемесімен келіспейтінін айтты
Арман Жұмагелдиевтің қамауға алынуы 7 тамызға дейін ұзартылған
Қылмыстық әлемде Дикий Арман деген атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің адвокаты Бас прокуратураның жақында жасаған мәлімдемелерімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Бас Прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер кезінде Арман Жұмагелдиевтің серіктестерімен бірге қандай қылмыс жасағанын айтып берді.
Алайда оның адвокаты Олег Чернов мұндай мәлімдемелермен келіспейтінін айтты. Ол өзінің бұл туралы Instagram парақшасында бөлісті.
«Мен бұл әрекеттермен келіспеймін. Ақпарат берілгенімен, жалпылама түрде жасалған. Оның үстіне Бас прокуратура тізбектеп шыққан қылмыстық әрекеттердің бәрін Арман жасады деген жаңсақ пікір қалыптасып отыр. Егер Арман Жұмагелдиев осындай қылмысты жасағаны айтылып, нақты дәлелдермен көрсетілсе ешнәрсе айтпас едім.
Оның үстіне қандай да бір қылмыс жасағанын дәл осылай жалпылама түрде мәлімдеу дұрыс емес деп санаймын. Тек ол қандай да бір қылмыс бойынша күдікке ілінді деп айтуға болады. Сонда ғана дұрыс болар еді. Қанша дегенмен соңғы нүктені сот қояды.
Мен күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыны зерттеп, Бас прокуратура өкілінің мәлімдемесімен салыстырдым. Олар бір бірімен сәйкес келмейді. Мен қай ақпаратпен жұмыс істеймін? Сіздер БАҚ өкілдеріне берген ақпаратпен бе, әлде іс материалдарымен бе?» - дейді ол.
Ол өз сөзінде қылмыстық іс бойынша негізгі мәселелерді, сондай-ақ Серік Шалабаев айтқан мәліметтерді талқылау үшін Бас прокуратураның жеке қабылдауына баратынын айтып өтті.
Еске сала кетейік, осыған дейін сот шешіміне сәйкес, Арман Жұмагелдиевтің қамауға алынуы 7 тамызға дейін ұзартылған болатын.
Дикий Арман Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тергеліп жатыр: атыс қаруын заңсыз сатып алу, зорлық-зомбылықпен, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, сондай-ақ абайсызда адам өлтіру.