1300-ден астам бос жұмыс орны: Қазақстанның ірі жұмыс берушілері маман іздейді
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады
Қазақстанның ірі жұмыс берушілері жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесіне қатыспақ. 27-29 маусым күндері Электронды еңбек биржасында қазақстандық компаниялардың ұсынған бос жұмыс орнына тек 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды Azattyq Rúhy.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс іздеуші алдымен Enbek.kz порталына тіркелуі қажет.
Ал тіркелу үшін порталдың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, өтінім беру керек.
"Жәрмеңкеде 1300-ден астам бос жұмыс орнын Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының құрамындағы компаниялар, «Каспи Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Евразия групп Қазақстан» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС және басқа да компаниялар ұсынады. Қатысушылар компаниялардағы бос орындарға қызығушылық танытқан жағдайда түйіндемесін жібере алады", - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау баспасөз хабарламасында.