Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай кірістерінен аспайды – Ерұлан Жамаубаев
Қаржы министрі бюджет шығыстарына да шектеу қабылданғанын атап өтті
Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайтын болады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Осы жылдан бастап кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделеді. Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайтын болады. Сондай-ақ, бюджеттің шығыстарына да шектеу қабылданды. Бұл Қордың жинақтау функциясын күшейте отырып, активтерді көбірек жинауға мүмкіндік береді»,-деді Қаржы министрі.
Есеп комитеті Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт сомаларының ұлғайғанын атап өткен болатын. Әсіресе, ағымдағы шығындардың қаржыландырылуына ерекше назар аударған.
«Өз кезегінде, алдыңғы жылмен салыстырғанда өткен жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға түскен тікелей салық түсімдерінің көлемі 1,8 есеге ұлғайғанын атап өткім келеді. Трансферттердің өсуі әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және пандемия жағдайында экономикадағы іскерлік белсенділікті қолдау қажеттілігімен байланысты болды»,-деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.