Елімізде кәсіпкерлер жылына 60 мың тонна ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеуге дайын
Қазақстанда ПЭТ қалдықтарын өңдейтін 15-тен астам компания жұмыс істейді
Кәсіпкерлер полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдықтарын елден шығаруға жарты жылға салынған тыйым қайта өңдеу кәсіпорындарын толық жүктеуге мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
14 маусымнан бастап Қазақстанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығы күшіне енеді. Бұл құжат сыйымдылығы 2 литрден аспайтын құтылар, шөлмектер, сауыттар және соған ұқсас бұйымдар, сондай-ақ пластмасса, полимерлер, пропилен қалдықтары, қиықтары мен сынықтарын елден сыртқа шығаруға тыйым салады.
Green Technology Industry ЖШС атқарушы директоры Клара Әбдірахманова бұл тыйым бірқатар кәсіпкерді көлеңкеден шығарады деп санайды. Кәсіпкерлер қалдықтарды ішкі нарыққа сатса, қалдықтарды жинайтын ірі кәсіпорындар ПЭТ шикізатын қайта өңдеу бойынша жеке тізбек құруды қолға алады.
«Сондай-ақ, полиэфирлі талшықтардың өзіндік өндірісі іске қосылады. Полиэфир талшықтарын шығару саладағы тоқыма кәсіпорындарының өнім ассортиментін ұлғайту бойынша бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Тұтынушылар қолжетімді бағадағы өніммен қамтамасыз етіледі. Біздің зауыт 50 мың тоннаға дейін талшықты өңдеп, шығара алады. Жиналатын ПЭТ қалдықтарының бір бөлігін кәсіпорынның жарты қуатында өңдей аламыз», – деді зауыт өкілі.
Полиэфир талшығын тоқыма емес материалдар, геотекстильдерді шығару үшін пайдалануға болады. Мұндай материалдар тұрғын үй құрылысында, аграрлық секторда, автожолдарды жөндеу және салу кезінде қолданылады.
Қазақстанда ПЭТ қалдықтарын өңдейтін 15-тен астам компания жұмыс істейді. Соның ішінде алты компания 50%-ға, төртеуі 30%-ға, қалғаны 10%-ға ғана жүктелген. Қалдықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынғаннан кейін кәсіпкерлер жылына шамамен 60 мың тонна қалдықты өңдеуді жоспарлап отыр.
Ұлттық палата мамандары кәсіпорындардың қуатын арттыруға бағытталған тыйым салуды қолдады. Сондай-ақ қайта өңдеушілер өндірістік қуатты ұлғайту және өндіріске инвестиция салу, фандоматтар, контейнерлер орнату секілді қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру сынды тиісті міндеттемелерді алуға дайын екенін жеткізді.