$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Теріскейлік меценат мектеп түлектеріне тұрғын үй сертификаттарын сыйға тартты

Биыл мұндай қолдауға 12 бала ие болды

Теріскейлік меценат мектеп түлектеріне тұрғын үй сертификаттарын сыйға тартты

Солтүстікқазақстандық меценат Екпін Әбиев мектепті үздік бағамен аяқтаған түлектерге тұрғын үй сертификаттарын табыс етті. Кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасын жылдағы дәстүрге айналдырған. Ол өзі тұратын Жамбыл ауданының орталығы Преснов ауылындағы мектептерді жақсы бағамен тәмамдаған оқушыларға жыл сайын «Отбасы банкінен» есепшот ашып, алғашқы жарна ретінде 100 мың теңгеден қаражат салады. Биыл мұндай қолдауға 12 бала ие болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ИГІ ДӘСТҮР 4 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ

Екпін Әбиевтің есімі Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, республика көлемінде де жақсы таныс. Ол 20 жыл бұрын бастаған шағын ғана кәсібінің өрісін кеңейтіп, бүгінде үлкен отбасылық бизнеске айналдыра білген. Кәсіпкердің есімі көпке қайырымдылық шаралары арқылы да жақсы таныс. Ол аудан, облыс көлеміндегі жақсы істердің басы-қасынан табылады. Екпін Әбиев – Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің «Білім беру меценаты» атағына ие болған санаулы отандастарымыздың бірі.

«Үздік түлектерге қаржылай сыйлық табыс ету дәстүрін 2018 жылдан бастадым. Ол кезде балаларға ақшаны қолдарына беретін едім. Ал 2019 жылдан бастап, «Отбасы банкінде» шот ашып, соған салатын болдым. 25-ке келгенше шотта үй алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға болатын сома жиналады. Ол үшін «Отбасы банк» жақсы мүмкіндік беріп отыр. Әрі ол Қазақстандағы сенімді қаржы институттарының бірі. Болашақта ақшаның мақсатты жұмсалатынына сенім бар. Мұны уақыттың өзі дәлелдеді. Алдына мақсат қойып, жарнаны уақытылы жинағандар арманындағы баспанасына ие болады. Оған талай рет көзім жетті. Бұл дәстүрді әрі қарай жалғастыра бермекпін. Мақсатым – дарынды жастарды қолдау. Және осыны үлгі ету арқылы басқалардың да жақсы оқуға, білім алуға деген талпынысын ояту. Еліміздің болашағы – оқыған, білімді жастардың қолында. Жастар – Қазақстанның алтын қоры», – дейді кәсіпкер.

Екпін Әбиев осындай игі істері үшін 2009 жылы «Жыл патриоты» атағына ие болды. Ол «Отбасы банкімен» бірге жастарға қолдау көрсетуді әрі қарай жалғастырмақ ниетте.

«Біз білім алған уақытта қиын жағдай болды. 11-сыныпта оқып жүріп, 7-8 жасар балаға арналған шаңғы тептік. Себебі үйдегілердің бізге керек екенімізді әперер ақшасы болған жоқ. Қазіргі балалар бақытты. Жалпы мектеп оқушыларына бұрыннан көмектесемін. Бастапқыда кеңсе тауарларын алып беретінмін. Қазір енді мүмкіндігім де молайды. Осы балалардың «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болуына септігім тисе, мен үшін үлкен қуаныш», – дейді Екпін Әбиев.

СЕРТИФИКАТ ИЕЛЕРІ КЕЗ КЕЛГЕН БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСА АЛАДЫ

Жамбыл ауданында биыл 178 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. 10 түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізсе, екеуі «Алтын белгі» иегері атанды. Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтаған жастардың бірі – Дильназ Романова. Қожаберген жырау атындағы Преснов жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Ұлттық біріңғай тестілеуде 117 ұпай жинаған. Енді ол өзі таңдаған жоғары оқу орнына түсіп, жүрегі қалаған мамандықты игермек.

«Менің атам мен әкем техникаға жақын адамдар еді. Мен де соларға тартқанмын. Сондықтан техникалық мамандықты таңдаймын. Сүйікті пәнім – физика. Түрлі тәжірбиелер жасаған қатты ұнайды. Бүгін 100 мың теңгелік сертификатқа ие болғандар қатарында мен де бармын. Олжалы болғанымызға қуаныштымын. «Отбасы банкіндегі» депозитімді уақытылы толтырып, жайлы пәтер сатып алу – арманым. Осындай мүмкіндік сыйлаған жандарға алғысым шексіз. Депозит ашудың өзі – баспана алу мақсатында жасалған алғашқы әрі маңызды қадам деп есептеймін. Әрі қарай табандылық таныту керек. Алдына шын мақсат қойған адам, оған міндетті түрде жететініне сенімдімін», – дейді «Алтын белгі» иегері Дильназ Романова.

Үздік оқушы бүгін сыйлық ретінде алған ақшаны үй алуға жұмсайтынын айтады.

«Үлкендер осылай бағыт-бағдар бермесе, ойланбай жүре беруіміз де мүмкін. Қазір Семей мен Петропавл қалаларының бірін таңдамақпын. Өйткені Шәкәрім атындағы университеттің грантына ие болдым. Сондықтан өзімнің алғашқы баспанам осы екі қаланың бірінен болады деп үміттенемін. Химия пәнінің мұғалімі болғым келеді. Өйткені балалармен жұмыс істеген ұнайды», – дейді Дарья Сидельник.

«Отбасы банкінің» өкілдері өкінішке қарай, өңірде осылай жастарды қолдайтын кәсіпкерлер саусақпен санарлық екенін айтады. Қаржы институты заман талабына сай түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде миллиондаған отбасы өз баспанасына ие болды.

Қазіргі қолданыстағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы», әйелдерге арналған «Ұмай», балалар үшін жұмыс істеп келе жатқан «Арнау», «Жас отбасы», «Шаңырақ» жобалары және басқа да бағдарламаларды атап өтуге болады.

«Бұл сертификаттар түлектерге банктің барлық бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді. Олар тек өз атынан банкте шот ашып, депозитті үнемі толықтырып отыруы қажет. Кейін қаражат жиналғанда еліміздің кез келген қаласынан баспана ала алады. Бұл ақшаны шешіп алуға да болады. Бірақ мен ол қаржыны жұмсамай, керісінше, біздің банктегі депозитті толықтырып отыруға кеңес беремін. Болашақты ойлау керек. Кәсіпкер Екпін Әбиев жылда жастарды қолдайды. Ешқашан көмегін аямайды. Осындай жомарт жандар қатары көбейсе жақсы болар еді. Қайырымды жанның ісі өзгелерге үлгі болса, нұр үстіне нұр болмақ», – дейді «Отбасы банк» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаев.

Соңғы төрт жылда Екпін Әбиев Жамбыл ауданының 41 түлегіне қолдау көрсеткен. Олардың басым бөлігі «Отбасы банкінде» депозит ашып, сыйлықтарын баспана алу үшін алғашқы жарна ретінде салған.

 

Серіктес жаңалықтары