$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада балалар мен жастар арасында шахматтан «AMANAT CUP» турнирі өтеді

Бірінші республикалық турнир жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен және естелік кәдесыйлармен марапатталады

Елордада балалар мен жастар арасында шахматтан «AMANAT CUP» турнирі өтеді
Фото: ашық дереккөзден

22 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында балалар мен жастар арасында шахматтан «AMANAT CUP» бірінші республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жастар қанатының өкілдері хабарлады.

«AMANAT CUP» шахмат турнирінің қонақтары - халықаралық гроссмейстерлер Жансая Әбдімәлік, Дәрмен Сәдуақасов және Бибісара Асаубаева қатысушылар үшін қолтаңба сессиясын өткізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алматы қаласына жасаған сапары барысында балалар фестиваліне қатысып, Қазақстандағы балалар арасындағы шахмат спортын дамыту туралы айтқан болатын.

«Мен балалар арасында шахматты насихаттауға және дамытуға үлес қосқым келеді. Ол үшін арнайы құрал-жабдық қажет емес, қарапайым ғана ұйымдастыру мен қаржылық ресурстарды тарту керек. Бұл біздің қолымыздан келеді. Шахматпен айналысатын балалар зиянды әдеттерден аулақ болады», - деді Мемлекет басшысы.

«AMANAT» партиясы Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, турнирге 8 жастан 35 жасқа дейінгі 2-ші және одан жоғары разряды бар 200 шахматшы қатыса алады. Ол үшін Жастар қанатының Instagram желісіндегі @jas_otan ресми парақшасында тіркеуден өту қажет.

«Қазіргі уақытта еліміз әлемдік деңгейдегі Жансая Әбдімәлік, Дәрмен Сәдуақасов, Динара Сәдуақасова және Бибісара Асаубаева секілді үздік шахматшылармен танымал. Сондықтан мұндай турнир жастар мен балалар арасында шахмат спортын насихаттап, дамыту үшін жақсы мүмкіндік. Шахматтан «AMANAT CUP» бірінші турнирі балалар жылына орайластырылғанын атап өткім келеді», - деді ол.

Турнир FIDE халықаралық шахмат федерациясы рейтингісін есептей отырып, швейцарлық жүйе бойынша өткізіледі. Қатысушылардың жеребесі Swiss Manager бағдарламасын қолдану арқылы өткізіледі.

Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және естелік кәдесыйлармен марапатталады.

Турнирдің толық ережесімен @JasOtanTelegram каналынан таныса аласыздар.

Серіктес жаңалықтары