Мәжіліс қаржы пирамидалары мен ақша жылыстатуға қатысты түзетулерді қабылдады
Жұмыс тобының отырысында жекелеген нормаларды жетілдіру үшін бірқатар түзету қабылданды
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутаты Юрий Лидің айтуынша, қарауға ұсынылып отырған заң жобаларының негізгі мақсаты – қаржы (инвестициялық) пирамидалық схемаларды жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ оларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру.
«Жұмыс тобының отырысында заң жобасын қарау барысында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзету қабылданды. Сонымен қатар жұмыс тобы заң жобасын құқықтық техника нормаларына сәйкес келтіру мақсатында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады», - деді ол.
Сондай-ақ, заң жобасы «террористік әрекет» ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның ережесін Қылмыстық кодекстің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Палатаның жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.
Құжаттар енді Сенаттың қарауына енгізіледі.