«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында 16 жыл ішінде 109 адам қаза тапқан − депутат

Ерлан Саировтың айтуынша, кәсіпорынның бірінші басшылары жауапқа тартылуы тиіс

«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында 16 жыл ішінде 109 адам қаза тапқан − депутат
Фото: ашық дереккөзден

«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында соңғы 10 жыл ішінде 41 адам зардап шегіп, 20-дан астам апат болды. Ал 16 жыл ішінде жалпы саны 109 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров мәлімдеді. 

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-да төрт отандасымыз қаза тапты. Оның алдында орын алған «Абай» шахтасындағы топтық жазатайым оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Металлургия комбинатының өндірістік кешенін және көмір шахтасын тиісті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды толық қаржыландырмау салдарынан өндірістік апат болды. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар орындалмайды. Кадр саясаты дұрыс жүргізілмеген. Кәсіпорында шетелдік және отандық қызметкерлер арасында жалақы теңсіздігі бар. Сонымен қатар, жазатайым оқиға мен жарақаттану жағдайын тергегеннен кейін де инженерлік-техникалық қызметкерлер соңғы орында қалып отыр. Кәсіпорынның бірінші басшылары асыраушысынан айырылған отбасының алдында моральдық жауапкершілік сезбейді. Тек өтемақы төлеумен шектеледі», - дейді депутат. 

Оның сөзінше, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндірістік кешенге жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысы Парламенті Мәжілісіне және көпшілікке баяндалуы тиіс. 

«Жүргізілген аудит негізінде комбинаттың апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестиция көлемін анықтау және Л.Миттал мырзадан кәсіпорынның өндірістік базасын қалпына келтіруді талап етеміз. Адам өліммен аяқталған апаттың жиілеп кеткені үшін кәсіпорынның бірінші басшылары жауапқа тартылуы тиіс», - дейді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.