Елімізде 17 мың салымшы қаржы пирамидаларына 27 млрд теңгеден астам ақша салған
5 айда 24 қаржы ұйымына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді
Елімізде 17 мыңнан астам салымшы 27 млрд теңгеден асып түсетін ақшаны қаржы пирамидаларына салған. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биылғы жылдың 5 айында қаржы мониторингі органы ҚР ҚК 217-бабы (қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша 24 қаржы пирамидасы әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын жүргізді. Аталған фактілер бойынша қаржы пирамидаларына 17 мыңнан астам салымшы 27 млрд теңгеден астам қаражат құйғаны белгілі болды», - делінген ресми ақпаратта.
Сондай-ақ, агенттік қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша күдікке ілінген компанияларға қатысты артық мәліметтің берілмейтінін ескертеді.
«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты деректерді жария етуге болмайды. Деректер тергеу мүддесіне қайшы келмеген және басқа адамдардың құқығы мен заңды мүддесін бұзбаған жағдайда прокурордың рұқсатымен ғана жария етілуі мүмкін», - дейді ведомстводан.