«Әділет» партиясы Павлодар, Ұлытау және Алматы облыстары мен Шымкент тұрғындарын біріктірді

Сайлау науқаны аясында партия өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, акцияларға қатысып, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін жинауда

«Әділет» партиясы Павлодар, Ұлытау және Алматы облыстары мен Шымкент тұрғындарын біріктірді
Фото: партияның баспасөз қызметі

Қазақстан өңірлерінде «Әділет» партиясының сайлауалды жұмыстары жалғасуда. Павлодарда түрлі мамандық пен әлеуметтік топ өкілдерінен құралған 115-тен астам адам 25 метрлік партия туымен өткен ауқымды акцияға қатысты. Ұлытау облысында «Есіктен есікке» акциясы аясында 30 мың тұрғын қамтылса, Шымкентте партия өкілдері «Food City» базарында қала тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар Алматы облысында сайлауалды штаб мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагеріне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодарда «Әділеттің» 25 метрлік туы желбіреді

Павлодарда «Әділет» партиясының ауқымды акциясы өтті. Оған өңірдің түрлі кәсіп, сала және әлеуметтік топтарынан 115-тен астам адам қатысты. Іс-шараның басты символы – Мемлекеттік рәміздер алаңында жайылған ұзындығы 25 метрлік партия туы болды.

Акцияға өнеркәсіп кәсіпорындарының, теміржол саласының, денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар, белсенділер мен партия жақтастары қатысты. Іс-шараға Павлодар қаласымен қатар облыстың қалалары мен аудандарынан келген азаматтар да қосылды.

«Әділет» партиясы Павлодар облыстық сайлауалды штабының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Илья Теренченконың айтуынша, акция сайлауалды жұмыстың жалғасы әрі партияның негізгі құндылықтарының символдық көрінісі болды.

«Бұл акцияның идеологиялық мәні – бірлік. Бұл – біздің бірге екеніміздің айғағы. Бүгін әділет марафонына ірі кәсіпорындардың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, партия мүшелері, жақтастар, жастар, денсаулық сақтау, білім беру саласының, трамвай басқармасының, теміржолдың және басқа да салалардың өкілдері қатысты. Бізді ортақ құндылықтарымыз бен сайлауалды бағдарламамыздың міндеттері біріктірді», – деді ол.

Акция барысында жастарға да ерекше көңіл бөлінді. Илья Теренченко атап өткендей, партияның жас белсенділері іс-шараларға қатысумен ғана шектелмей, тұрғындармен кездесулерге, үгіт топтарының жұмысына, көшпелі іс-шараларға және сайлауалды штабтардың қызметіне белсенді араласуда.

Акцияның символикасы да ерекше мәнге ие болды. «Әділет» партиясының 25 метрлік туы түрлі мамандық, буын және әлеуметтік топ өкілдерінің ортақ мақсат төңірегіндегі бірлігін бейнеледі.

Құрылтай депутаттығына кандидат Жаркынбек Амантай акцияға қатысушылардың құрамы партияның сайлауалды бағдарламасының ауқымды бағыттарын қамтитынын атап өтті.

«Бүгін Мемлекеттік рәміздер алаңында ерекше акция өтіп, ол түрлі сала өкілдерінің “Әділет” партиясы төңірегінде топтасқанын көрсетті. Біздің сайлауалды бағдарламамыз қоғамдық өмірдің барлық бағыттарын қамтиды. Оның ішінде дәрігерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері, спортшылар, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқа да сала мамандары бар. Біз бүкіл қоғамға қатысты мәселелер мен проблемаларды көтеріп отырмыз», – деді Жаркынбек Амантай.

Оның айтуынша, акцияға түрлі сала өкілдерінің қатысуы оған ерекше мән береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайлау науқаны кезеңінде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын қолдайтын жаңа мүшелер мен жақтастар қосылуда.

Алматы облысында партия өкілдері 99 жастағы ардагерге барды

«Есіктен есікке» акциясы аясында «Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері Алматы облысы Ұзынағаш ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Федор Ковалевтің үйіне барды.

Биыл Федор Ковалев 99 жасқа толады. Майданнан кейін ол ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Қазір ардагер үлкен отбасының ақсақалы.

Штаб мүшелері ардагердің жағдайын сұрап, әңгімесін тыңдап, партияның аға буынға қатысты сайлауалды бағдарламасының бағыттарын таныстырды.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында аға буынға қамқорлық жасау лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және белсенді әрі мазмұнды өмір сүруге мүмкіндік беру бағыттарымен байланыстырылады.

Ұсынылған шаралардың қатарында белсенді зейнеткерлерді қоғамдық жұмыстарға, тәлімгерлікке және волонтерлік қозғалысқа тарту, сондай-ақ қарт азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағдарламаларын жалғастыру бар.

Сонымен қатар тұрақты қолдауды қажет ететін жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға ұзақ мерзімді күтім көрсету жүйесін құру көзделген. Оның құрамына үйде әлеуметтік көмек көрсету, күндізгі орталықтар, патронаждық күтім және қашықтан медициналық сүйемелдеу кіреді.

«Есіктен есікке» акциясы аясында штаб мүшелері елді мекендерді аралап, тұрғындарды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинауда.

Ұлытау облысында «Есіктен есікке» акциясы 30 мың тұрғынды қамтыды

Ұлытау облысында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Есіктен есікке» акциясы жалғасуда.

Акция барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия өкілдері және «Жастар Рухы» ұйымының мүшелері облыстың қалалары, аудандары мен елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстыруда.

Сонымен қатар азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелері тыңдалуда.

Бүгінде акция аясында 30 мың тұрғын қамтылып, 16 мың сайлауалды ақпараттық лифлет таратылды.

«Есіктен есікке» акциясы – тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, халықтың нақты ұсыныстары мен мәселелерін білуге бағытталған маңызды жұмыс. Кездесулер барысында айтылған ұсыныстар партияның алдағы жұмысының негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», - дейді кандидат Нұрүл Талғатбекова.

Алдағы уақытта облыстық Қарттар үйіне барып, акция өткізу жоспарлануда.

Шымкентте кәсіпкерлер мен тұрғындардың мәселелері талқыланды

Шымкент қаласындағы «Food City» базарында «Әділет» партиясының өкілдері мен тұрғындар арасында экспромт форматта кездесу өтті.

Кездесу барысында саудагерлер мен қала тұрғындарына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Еркін форматтағы әңгіме кезінде кәсіпкерлікті қолдау, сауда орындарындағы жағдайды жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік жасау, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер талқыланды.

Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, күнделікті өмірде кездесетін мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Партия өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тікелей кездесулер халықтың пікірін тыңдап, нақты ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді. «Әділет» партиясы үшін азаматтармен ашық диалог орнату және халықтың талап-тілегін ескеру – сайлауалды жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.