Брендтік сөмкелерді уәде еткен алаяқ ақмолалықтың 1,5 млн теңгеден астам ақшасын иемденген
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Брендтік сөмкелерді уәде еткен алаяқ ақмолалықтың 1,5 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Бұл туралы Көкшетау қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көкшетау қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Нұр-Сұлтан қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады.
Алдын ала тергеу барысында қаскүнем брендтік сөмкелерді сату сылтауымен біреудің ақшасын алдап иемденгені анықталды. Ер адам 28 мамырда 33 жастағы көкшетаулықтың 1 млн 590 мың теңге сомасында алдын ала төлем алып, кейін телефонын өшіріп, зардап шегушімен байланысқа шығуды тоқтатқан.
Аталған факті бойынша Көкшетау қаласының Полиция басқармасы ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде.