Өстемірліктер Алматыға қатынайтын қоғамдық көлікке зар болып отыр

Azattyq Rýhy

Ал такси бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді

Өстемірліктер Алматыға қатынайтын қоғамдық көлікке зар болып отыр
Фото ашық дереккөзден

Алматы облысындағы Өстемір ауылының тұрғындары қалаға қатынай алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасай отырып.

Талғар ауданына қарасты елдімекенді іргедегі Алматымен жалғайтын қоғамдық көлік жоқ. Ал такси бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бұл жағдайға қатысты атқамінерлер не дейді?

Өстемірдің кіреберісіндегі сұрқы қашқан аялдамаға қарап-ақ, автобустың бұрыннан ат ізін салмағанын аңғаруға болады. Екі мыңға жуық халқы бар ауыл Алматы, Талғармен байланыстыратын қоғамдық көлікке жарымай-ақ қойды. Бұрын болған. Бірақ субсидия тоқтап, жоғалған. Ал жекеменшік жолаушы таситын кәсіпкер бір ай бұрын ат қарасын мүлде үзіпті.

 «Зейнеткер емес, мына оқушылар бар қалаға қатынайтын. Бұл жерде жұмыс жоқ, ешқандай. Бәрі қалада. Ал енді зейнеткерлер банкоматтан ақша ала алмай отыр. Бәрі Талғарға, Алматыдан барып алады. Айтып жатқаны рас қой, шыжып күннің астында тұрады, ешқандай мүмкіндік жоқ», - деді ауыл тұрғыны Бақытбек Қырғызбаев.

Өстемір ауылы құдды өгейдің күйін кешкендей. Айналасындағы Туғанбай, Жалқамыс, Нұра ауылдарында бұл мәселе бұрыннан шешілген. Әкімдік жолаушы таситын автобусты реттеген. Таксиге артық теңге құртудан титыққан тұрғындар бұл жағдайға жергілікті атқамінерлерді кінәлайды.

 «Үкіметтен сұраймыз: бізге автобус керек. Осында халқы бар, жаяулап жүрміз. Мысалы, үйімізден шығатын көлік жоқ. Өздерің біліп тұрғандай, мына жер тұйық. Нұрадан, Туғанбайдан келсе, алып өтеді, Талғарға өтетіндері ғана. Ал бізге қатынау қиын», - деді тұрғындардың бірі Зоя Бердімұратова.

Өстемір қарасты Нұра ауыл округінің өкілі де төбе көрсетті. Жағдайды беске біледі. 50 шақырым қашықтыққа дейін ауылдардағы жолаушыны тасуға Алматыдағы әріптестері жауапты дейді. Қазір олармен ауыл белсенділері соттасып жатыр екен. Іс оң шешімін тапса, жақын арада күрмеудің түйіні тарқайды деп сендіргісі келеді.

 «Олардың талап етіп отырғаны – Жетіген ауылына 220 автобус жүреді. 80 теңгемен, болмаса Оңай картасымен тасымалданады. Соған 4,5 шақырым жерге мердігер бар, Алматы қаласы белгілі бір себептермен субсидия жоқ деп, қарсылық білдіріп отыр. Негізі олар міндетті. Алматы қаласынан 50 шақырым елдімекендерге Алматы қаласы көлік тасымалымен қамтамасыз етуге тиіс», - деді Нұра ауылы окурігі әкімдігінің бас маманы Дулат Бөрібаев.

Сот шешімі шықпайынша, бұл мәселе бір жақты болмайды. Ал Талғармен байланыстыратын қоғамдық көлік «бір айдың ішінде жүреді» деген әкімдік уәдесін берді. Әзірге қатынау бағасы қанша болатыны белгісіз.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.